Пікірлер

Денсаулық сақтау министрлігі Астанада мутацияланған коронавирустың таралуы туралы ақпаратқа түсініктеме берді

Әлеуметтік желілерде Астанада SARS-CoV-2 коронавирусының мутацияланған нұсқасынан туындаған аурудың өршуі байқалады деп жазылды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.


Ведомствоның хабарлауынша, елордада энтеровирус ауруы өршіген, оның COVID-19-ға еш қатысы жоқ.

«Республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Осы жылдың маусым айында елімізде коронавирустық инфекция жұқтырудың 257 жағдайы тіркелді, мамыр айымен салыстырғанда сырқаттанушылық 4,4 есеге төмендеген. Қазіргі уақытта күніне орта есеппен коронавирус жұқтырған шамамен 10 науқас тіркеледі. Министрлік ҚР аумағында айналымдағы коронавирус түрлерінің генетикалық сипаттамаларын зерттеуді жалғастыруда. Соңғы секвенирлеу маусым айында жүргізілді, оның нәтижелері бойынша республикада 2022 жылдың қаңтарынан бастап айналымда болған Омикрон штаммының ХВВ (Кракен), ВА5.BQ және т.б. субварианттары анықталды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Министрлік өкілдері бүгінгі күні энтеровирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалып отырғанын хабарлады. Қазірдің өзінде 739 жағдай тіркелген, оның 96%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Энтеровирустық инфекция 12 өңірде тіркелді, оның ішінде елордада өсім байқалады.

Энтеровирус су, көкөніс, жеміс, тамақ өнімдері, қолдың кір болуы арқылы беріледі. Ауруды көбінесе су айдындары мен бассейндерде шомылған кезде жұқтыруға болады. Энтеровирустық инфекцияның инкубациялық кезеңі орта есеппен 1 аптаға дейін созылады.

Аурудың негізгі белгілері – температураның 38-40˚ С дейін көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, жүрек айнуы, құсу, жүректің жанындағы ауырсыну, іш, бұлшықет, тамақ ауруы. Аурудың алдын алу шаралары – қолды мұқият және жиі жуу, көкөніс пен жемісті жемес бұрын жуу, шикі су мен ашық су қоймаларынан су ішпеу.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button