Манипуляция: «COVID-19-дан қайтыс болғандардың 70% вакцинацияланған адамдар құрайды»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар әлемде COVID-19 пандемиясының дамуына қатысты болжамдарымен бөлісуде. Қазнет қолданушыларының пайымдауынша, британдық ғалымдар жасаған модельге сәйкес, күзде КВИ-ден қайтыс болғандардың 70 пайызы бұған дейін вакцина жасатқандар құрайтын болады. Бұл олай емес.
Желі пайдаланушылары пандемиялық тұмауды модельдеудің ғылыми тобы (SPI-M) дайындаған пандемияның даму үлгісіне сүйенеді. Құжаттың ағымдағы жылдың 31 наурызында жарияланған соңғы нұсқасында карантинді жеңілдетудің пандемияның дамуына әсері қарастырылған.
Бұл ретте авторлар есептеулердің болжам емес екенін және пандемияның нақты қалай дамитыны белгісіз екендігін атап өтеді.
Есептеу кезінде ғалымдар Pfizer және Astra/Zeneca препараттарының бірінші және екінші дозаларының тиімділігі туралы мәліметтерді қамтитын әртүрлі схемаларды қолданған. Атап айтқанда, мамандар COVID-19 қарсы екпе жасатқан, індетті жұқтырған адамды ауруханаға жатқызу немесе реанимация палаталарына орналастыру ықтималдығы қаншалықты жоғары екеніне сүйенген. Әрбір жағдайда вакциналардың тиімділігінің барынша жоғары және барынша төмен болуы туралы болжамдарға сүйене отырып, жеке графиктер жасалған. Бұл ретте ең қолайсыз сценарийлерде, есептеулер 2020 жылы көктем мен жазда сырқаттанушылық шарықтау шыңына жеткен кездегі көрсеткіштерден аспаған.
Ғалымдар есептеулер негізінде жаппай вакцинация жалғасқан жағдайда, карантиндік шараларды жеңілдету індеттің қайта өршуіне әкелмейді деген қорытындыға келді.
Айта кетейік, бұл есептеулер Қазақстанға қатысты қолданылмайды, өйткені бізде жаппай вакцинация «Спутник-V» препаратымен жүргізіледі. Оның тиімділігі мен қауіпсіздігі клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтармен дәлелденген.
Қорыта айтқанда, COVID-19 салдарынан қайтыс болғандардың 70% вакцинацияланған адамдар құрайтыны туралы тұжырым дұрыс емес. Британдық ғалымдардың есептеулері бірнеше сценарийден тұрады бірақ авторлардың өздері олардың бірде-біреуін нақты болжам деп санамайды және бүгінгі күні жағдайдың қалай болатынын нақты болжау мүмкін емес екенін айтты.