Fake News

Денсаулық сақтау министрлігі электрондық денсаулық паспортында еңбекақы туралы мәліметтердің не үшін қажет екенін айтты

Кейбір қазнет пайдаланушылары «Ұлттық электрондық денсаулық паспортына және электрондық ақпараттық ресурстарға ұсыну үшін деректердің көлемі мен еселігін айқындау туралы» бұйрықтың жобасындағы еңбекақы, жұмыс орны және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындар туралы тармақтарға наразылығын білдіруде. Әлеуметтік желілерде бұл азаматтарды толық бақылау үшін қажет деген болжамдар айтылуда. Денсаулық сақтау министрлігі бұл пікірді жоққа шығарды.

Жобада пациенттердің кірістері мен шығыстары туралы мәліметтер бары рас. Алайда, бұл азаматтарды бақылаудың белгісі емес. Бұл мәліметтер міндетті медициналық сақтандыру жүйесі үшін қажет. Бұл ретте бөгде адамдар бұл ақпаратты ала алмайды және ол ашық дереккөздерде жарияланбайды.

– Бұдан әрі Министрліктің ақпараттық жүйелерінде сақталатын деректер электрондық денсаулық паспортын қалыптастыру үшін ғана емес, сондай-ақ жедел, стратегиялық шешімдерді жоспарлау, статистиканы қалыптастыру, медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтерге ақы төлеу және т.б. үшін пайдаланылады. Сондай-ақ, аталған тізбеде медицина қызметкерлерінің еңбекақысы туралы деректер, сондай-ақ осы ұйымның нақты шығындары болып табылатын медициналық ұйымның коммуналдық және өзге де шығындары көрсетілген, – делінген ҚР ДСМ Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының ресми хабарламасында.

Сондай-ақ, «баланың жынысы» тармағында төрт опцияның, оның ішінде «анықталмаған» және «белгісіз» деген опциялардың болуы пайдаланушыларды алаңдатуда. Ведомствода түсіндіріп өткендей, бұл нұсқалар ауыр автомобиль апаттарынан кейін күйік немесе зақымдану сияқты жарақаттардың ауырлығына байланысты жынысты анықтау мүмкін болмаған кезде қолданылады. Бұл тұжырымдар жүктіліктің ерте кезеңінде, ұрық әлі толық қалыптаспаған кезде де пайдаланылады.
Демек, электрондық денсаулық паспорты азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне еш қауіп төндірмейді. Бұл ақпарат арқылы олардың қаржылық жағдайы мен шығындарын бақылау жоспарланып отырған жоқ.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button