Алаяқтар балалардың онлайн ойындарға деген қызығушылығын қалай пайдаланады

Онлайн желідегі ойындар қазіргі балалар мен жасөспірімдер өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұны алаяқтар да қолдануда. Олар ойын аккаунттарын сату, ойын құрылғысын жалға беру немесе әлеуметтік желілердегі «сыйлықтар» деген сылтаумен алдау арқылы баалардан ақша тартады. Қазақстанда мұндай жағдайлар ұдайы болып тұрады және залалдың жалпы сомасы миллиондаған теңгеге жетеді. Fingramota.kz порталы қаскүнемдердің қандай нақты схемаларды қолданатыны және баланы интернеттегі алаяқтықтан қалай қорғауға болатыны жөнінде жазған.
Ойын кезінде аккаунт сатып алу
Алаяқтар Free Fire мобильді ойынында «керемет мықты» аккаунт сатамыз деген сылтаумен оқушылардан үлкен мөлшерде ақша тартады. Мысалы, Шымкентте алтыншы сынып оқушысы алаяқтың басшылығымен әжесінің банктік картасын суретке түсіріп, барлық конфиденциалды деректерді, соның ішінде CVV/CVC-ді жайып берген. Немересінің аңғалдығына байланысты әйел екі миллион теңгеден астам шығынға ұшырады. Алаяқ ұсталды.
Ойын аккаунтын «тегін» беру
Алаяқтар жасөспірімдерді TikTok-тағы стримдер арқылы іздейді және өзінің ойын аккаунтын тегін беруді ұсынады. Оның орнына олар ересектердің біреуінің банктік картасының деректерін айтуды, сондай-ақ ставкалар қабылдайтын сайттарға ақша аударуды сұрайды. Осындай алаяқтық арқылы Ақмола облысында алаяқ аңғал жасөспірімнен 1,1 млн теңге алып, содан кейін байланысқа шығуды тоқтатқан.
Steam платформасындағы алаяқтық
Алдаудың бұл түрі жөнінде Қазақстандықтарды Алматы қаласының полициясы ескертті. Алаяқтар Steam ойын жабдықтарының сатылымы жөнінде хабарландырулар тауып, виртуалды алмасу туралы келіссөздер жүргізеді, содан соң заттарды алып алғаннан кейін ақшаны аудармай сатушыны бұғаттайды.
Ойын құрылғысын «жалға беру»
Ойын құрылғысы құнының қымбат болуына байланысты мұндай қымбат затты бәрі бірдей сатып ала бермейді, сондықтан оны жалға беру қызметі кеңнен қолданыла бастады. Өкінішке орай, бұл мүмкіндікті алаяқтар тез пайдаланып қалды: мәселен, Түркістанда алаяқ жарнамалар сайты арқылы жас жігіттен PlayStation-ды жалға алып, оны қайтармаған. Құрылғының құны 350 мың теңгені құрады. Полиция алаяқты қолға түсірді, құрылғы иесіне қайтарылды.
Алаяқтықтың тағы бір әдісі бар, онда қаскүнемдер ойын құрылғыларын өздері ұсынады, бірақ жалдау ақысын алған бойда ізін суытады. Нәтижесінде жасөспірімдер ақшасыз әрі құрылғысыз қалады.
Жалған сайттар арқылы фишинг
Алаяқтар ойынға арналған цифрлық заттарды төмен бағамен сатып алу туралы ұсыныстармен жалған сайттар жасайды. Ойындағы «достарға» сенетін балалар сілтемелерге өтіп, ата-аналарының банктік карталарының деректерін енгізеді, содан кейін шоттардағы қаражат жоқ болады.