Дәлелсіз: «Рим папалары туралы сәуегейлікте» 2027 жылы ақыр заман орнайды делінген»

21 сәуірде Рим Папасы Франциск қайтыс болғаннан кейін, әлеуметтік желілерде Әулие Малахияның сәуегейлігі туралы тағы да айтыла бастады. Бұл аңыз бойынша, Франциск соңғы Рим папасы. Мәтінде одан кейін «жеті төбедегі қала жойылады», ал дүниеде ақыр заман орнайды делінген. Кейбіреулері 2027 жылы әлем жойылады дейді. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Анықтайық.
«Рим папалары туралы сәуегейлік» немесе Малахия архиепископының тізімі – іріктеп алынған 112 қысқаша латын сөз тіркесі. Олардың әрқайсысы Рим шіркеуінің папаларын, сондай-ақ бірнеше антипапаны сипаттайды. Тізім алғаш рет XVI ғасырда жарияланды. Оның авторы XII ғасырда өмір сүрген ирландиялық Әулие Малахия монахы. Аңыз бойынша, Құдай оған болжау қасиетін дарытқан, осылайша, ол барлық болашақ понтификтерді және ақыр заманның болатынын көрген және мұны жұмбақ сипаттамалар түрінде жазып алған.
Католик шіркеуі «Рим папалары туралы сәуегейліктегі» образдар мен сөз тіркестері маңызды емес және ресми ілімнің бөлігі болып саналмайтынын анық айтты. Католик дін мамандарының арасында бұл тізім бұрмаланған және Әулие Малахияға мүлдем қатысы жоқ деген пікірлер жиі кездеседі.
Бостон колледжі шіркеу тарихының профессоры Джеймс Вайсстың ойынша, «Рим папалары туралы сәуегейлік» тарихында түсініксіздіктер мен қайшылықтар көп. Ол бұл аңызға қатысты пікірін The Huffington Post америкалық интернет-басылымына берген сұхбатында білдірген.
Біріншіден, сәуегейліктің түпнұсқа мәтіні жоқ. Әулие Малахияның аяндарды алғаш рет 1590 жылы монах-бенедиктин Арнольд де Вайон жариялаған. Ол қолжазбаны монастырь мұрағатынан тапқанын айтқан. Бұған дейін сәуегейлік туралы ешқандай ақпарат болмаған. XVIII ғасырда көптеген құрметті шіркеу тарихшылары мен дін мамандары бұл сәуегейліктің шынайылығына күмән келтіріп, оны жалған деп атады.
Рим папасының тарихшысы Анура Гуруге де сәуегейлікке күмәнмен қарайды.
Оның пікірінше, әулие Малахия есімін қолдану фактісі кейбір дінге сенушілер, әсіресе католиктер үшін аңыздың маңыздылығын арттырады. Бірақ тарихи тұрғыдан алып қарасақ, бәрі жалған екенін көрсетеді.
Көптеген зерттеушілер бұл тізім XVI–XVII ғасырларда, Реформация кезінде пайда болды деп санайды. Олардың пікірінше, мәтін сол дәуірде Папаны сайлауға әсер ету мақсатында қолдан жасалған.
Тарихшылар «Рим папалары туралы сәуегейліктің» шынайылығына қарсы бірнеше маңызды дәлел келтіреді. Әулие Малахия қайтыс болғаннан кейін төрт ғасыр бойы сәуегейлік тізім туралы еш жерде айтылмаған, бұл оның шығу тегіне күмән келтіреді. Тұжырымдамалар аян емес, ойдан шығарылған әдеби туынды сияқты. Түрлі заманда мәтін өзгертіліп отырған, бұл саяси қажеттіліктерге сәйкес келтіру әрекеттері болар.
Сонымен қатар, кейбір дінге сенушілер мен дін мамандары Киелі кітапқа жүгінеді, онда ақыр заман болатын күнді болжауға болмайтыны ескертілген. Матай Інжілінде (24:36) былай делінген: «Оның болатын күні мен уақытын ешкім білмейді, көктегі періштелер де, Құдайдың ұлы да, тек Құдай атамыз ғана».
«Рим папалары туралы сәуегейлік» – бұл сенімді болжамнан гөрі аңызға ұқсайды. Оның шынайылығына тарихи дәлел жоқ, зерттеушілердің көбі мәтінді кейінгі кезде саяси мақсатта қолдан жасалған мәтін деп санайды. Католик шіркеуі сәуегейлікті ресми түрде мойындамайды, ал Киелі Кітап ақыр заманның болатынын болжамауға шақырады.