Facebook әлеуметтік желісінде танымал ресейлік кәсіпкер және бағдарламашы Павел Дуров жаңа инвестициялық платформа құрғаны туралы айтқан видео тарады. Оны қолдана бастағаннан-ақ жасанды интеллекттің көмегімен автопилоттан 4 мың доллар табуға болады екен. Бұл өтірік.
Видеоға негіз ретінде Павел Дуровтың америкалық саяси шолушы Такер Карлсонға берген сұхбаты алынған. Ол пайдаланушылар назарына алғаш рет осы жылдың 17 сәуірінде журналистің әлеуметтік желілерінде және оның Tucker Carlson Network қызметінде ұсынылды. Кейіннен ол орыс тіліне аударылып, көптеген YouTube арналары арқылы таратылды.
Әңгіме барысында Дуров өзі, әлемге деген көзқарасы және Telegram мессенджерін құру туралы баяндады. Сұхбат бойынша «Википедияда» жеке парақша ашылған.
Сұхбат кезінде ол жаңа инвестициялық платформа туралы айтпайды. Кибералаяқтар сұхбаттың бір бөлігін қиып алып, жалған дауыспен дыбыстаған. Сондықтан жарнамадағы күмәнді сілтеме бойынша өтіп, жалған сайтта тіркелмеген жөн.
Белгілі тұлғалар атынан жалған инвестициялық платформалық жарнамалар бұған дейін де тараған.
Біз ҚР Президенті мен «Қазатомөнеркәсіп» басшысы атынан осындай хабарламалар шыққаны туралы жазған болатынбыз.