Фейк: «Қатерлі ісікті резонанстық жиіліктермен емдеуге болады»
Танымал Instagram мессенджерінде тараған видеода электронды сигналдар обыр жасушаларын жоя алады делінген. Пост авторлары жиіліктерді күніне кемінде 15 минут тыңдауға кеңес береді. Нақты қандай жиіліктер туралы айтылып отырғаны белгісіз. Постты талдап шығайық.
Бұл 2013 жылы композиторЭнтони Холланд сөз сөйлеген TEDx конференциясының видеосынан үзінді. Ол қатерлі ісікпен және антибиотиктерге төзімді бактериялармен күресуге көмектесетін резонанстық-жиілікті терапия туралы айтады. Холланд технологиясында «плазмалық антенна» қолданылады. Бұл – гелий толтырылған флуоресцентті шам. Антенна тербелмелі импульстік электр өрістерін обыр жасушалары мен бактерияларға жібереді.
Оның командасы тірі организмдерді жоятын қолайлы жиілікті көп іздеді. Олардың пікірінше, жоғары жиілік төмен деңгейден 11 есе жоғары болуы керек. Зерттеулер ұйқы безінің қатерлі ісігі жасушаларында жүргізілді. Бұл жасушалар 100-ден 300 мың Гц-ке дейінгі жиілік диапазонында осал екендігі анықталды.
Зерттеуді жалғастыру үшін Энтони Холланд Novobiotronics білім беру және ғылыми қайырымдылық ұйымын құрды. Компанияның ресми сайтын қарап көрсеңіз болады. Әзірге онда жаңалықтар көп емес. Қазіргі уақытта ұйым Флоридадағы жаңа зертханаға қаражат жинауда.
Айта кетейік, TEDx кейіннен Холландтың сөзіне ескерту жасады: «Бұл баяндамадан медициналық кеңес іздемеңіз. Ол TEDx-тің ережелерінен тыс».
Жалпы, резонанстық-жиілік терапиясының тиімділігі ғылыми зерттеулермен дәлелденбеген, демек, жиіліктер қатерлі ісік ауруын емдей алады деген ақпаратқа сенбеген жөн.