Жаңалықтар

Фейк: «Ұзақ уақыт маскамен жүру өкпе қатерлі ісігінің дамуына әкелуі мүмкін»

Қазақстандық пайдаланушылар «маскамен ұзақ уақыт жүру өкпе обырының дамуына әкелуі мүмкін» деген хабарламамен бөлісуде. Авторлар Cancer Discovery журналында жарияланған зерттеуге сүйенеді, ал оның бетперде тағуға қатысты жоқ.


«Cancer Discovery журналында жарияланған жуырда жүргізілген зерттеу зиянды микробтармен тыныс алу ересектерде кейіннен өкпе обырының дамуына ықпал етуі мүмкін екенін көрсетті», – делінген қазақстандықтар таратқан хабарламада.
Белгілі болғандай, бұл – үстіміздегі жылдың ақпан айында naturalnews және blacklistednews сайттарында шыққан материалдардың аудармасы. Екі портал да фейк және қастандық теорияларын таратушылар ретінде белгілі.
Хабарламалардағы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Авторлар с.йеніп отырған мақала «Төменгі тыныс жолдарының дисбактериозы өкпе қатерлі ісігінің дамуына әсер етеді» деп аталады. Ғалымдар өкпенің қатерлі ісігі бар науқастарда өкпедегі ауызша комменсальды микробтардың көбеюін зерттеген. Зерттеуде маска туралы мүлдем айтылмаған.

Осы зерттеудің бірнеше авторы Reuters-ке берген сұхбатында бұл ғылыми жұмыс бетперде тағуға қатысты деген пікірді жоққа шығарды. Сондай-ақ, ғалымдар зерттеуде қолданылған мәліметтер 2013 жылдан 2018 жылға дейін жиналғанын, ал маска тағу режимі соңғы жылы ғана міндетті болғанын хабарлады.
Осылайша, «жиі маска тағу ылғалды орта тудырады, онда микробтар өкпеге енбес бұрын өсіп, көбейеді. Содан кейін бөгде микробтар трахея арқылы альвеолалар деп аталатын қан тамырларымен жабылған кішкентай ауа қабықтарына өтеді» дегеннің бұл зерттеуге еш қатысы жоқ және жалған болып табылады.

Қауымдастырылған профессор, медицина ғылымдарының кандидаты Найля Кабилдина StopFake.kz тілшісіне берген сұхбатында, маска тағу қатерлі ісік ауруының пайда болуына немесе диагноз қойылған аурудың дамуына ықпал ете алмайтынын растады.

«Қатерлі ісік ауруының себептері көп. Олардың ішінде темекі шегу, зиянды заттарды үнемі деммен жұту, генетикалық мутация, оның ішінде тұқым қуалайтын қатерлі ісік және т.б. ұзақ уақыт маска тағу бұған ықпал етуі мүмкін екендігі – өтірік. Маска тағу аурудың дамуына әсер етеді деген де жалған. Өкпе қатерлі ісігі бар науқастарға маска тағу аса қажет, өйткені бұл адамдардың ағзасы әлсіреген, иммунитеті төмендеген. Маска басқа қосымша аурулардан, инфекциялардан қорғайды», – деп түсіндірді Найля Кабилдина.

Сонымен қатар, онколог бетперде тағу ережелерін сақтау керек екенін атап өтті – оны кем дегенде екі сағат сайын ауыстырып отыру қажет, бір реттік маскаларды қайта қолданбау, маскаларды тек таза қолмен тағып-шешу керек.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button